«Адал азамат» жобасы аясында Қостанай облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің «Өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие» атты іс-шарасы Қостанай қаласындағы №32 жалпы білім беретін мектебінде бастау алды. №32 мектептегі жоба үш бағыт бойынша өтті. Бірінші бағыт – қолөнер тақырыбына арналды. Ол жерде балаларға қамшы өру және былғарыдан бұйымдар дайындаудың әдіс-тәсілдері көрсетілді. Спикері Айдын Диханбаев Федоров ауданынан арнайы келіп, қостанайлық өрендерге қолөнер бұйымдарын таныстырды. Хасенғали ақсақал халық даналығынан бірнеше мысалдар келтіріп, жас толқынды балалықтан даналыққа шақырды. Балалардың өнер мен өмірде жолдары ашық болып, бақтары жансын деген ізгі ниетпен ақ тілегін арнады. Өнегенің бастауы тәлім-тәрбиеден, салт-дәстүрімізден нәр алса керек. Жобаның екінші бағыты осы оймен үндес. Бұл бағыттың спикері Хасенғали Камалов ақсақал «Жігітке жеті өнер де аз» деген тақырыппен бата беру дәстүрі, төрт түлік мал етінің 12 жілік атауы жайлы мол мағлұмат берді. Үшінші бағыт – ұлттық әуен. Атауының өзі айтып тұрғандай ұлттық аспаптар домбыра мен жетігеннің тарихына басымдық берілді. Музыкалық шеберлік сабағының спикері Фариза Жоламанова домбырамен күй тартып, жетігенге қосыла халық әндерін шырқады. Мектеп оқушылары ұлттық құндылықтарды дәріптеген іс-шараның спикерлердің өнеріне тәнті болып, қызығушылықтарын білдірді.

